Ақтауда биылғы жаңа оқу жылында 32 мыңға жуық оқушы мектепке барды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтау қаласында 26 мектеп, 25 балабақша бар.
Биылғы жаңа оқу жылында 1 сыныпқа баратын бүлдіршіндер саны 3 мыңға жуық болса, балабақшаға баратын балдырғандардың саны 8 мыңға таяу.
«Биылғы 1-ші сыныптықтар жергілікті бюджеттің қаржыландыруымен ыстық тамақ және арнайы мектеп формасымен тегін қамтамасыз етілді. Облыстық бюджеттен 1-ші сынып оқушыларының киімдеріне 12 млн. 688 мың теңге бөлінсе, ыстық тамақ ішуіне 70 млн. 330 мың теңге қарастырылды», дейді Ақтау қалалық білім басқармасының жалпы орта білім бөлімінің бастығы Ақбөпе Есқалиева.
Биылғы жаңа оқу жылында«Жол картасы» аясында қаладағы 2 мектеп және 2 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Оған республикалық бюджеттен мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге 229 млн 874 мың теңге, балабақшаларға 118 млн. 590 мың. теңге жұмсалған.