Ақтауда борышкерлерден 280 миллион теңге өндірілді
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласы прокуратурасының бастамасымен борышкерлерден 280 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Бұл шара алиментті уақтылы өндіру және мемлекет пайдасына қаражатты қайтару мәселесіне ерекше назар аударудың нәтижесінде жүзеге асырылды.
2025 жылы прокуратура органдарының белсенді әрекеттері арқылы алимент алушылардың пайдасына 174 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Борышкерлердің қарыздарын өтеу мақсатында бір пәтер және төрт автокөлік құралы тәркіленді.
— Борышкерлерден тәркіленген 4 автокөліктің екеуі сауда-саттық арқылы сатылып, берешектері өтелді. Қалған екі көлік алиментті өндіріп алушылардың атына жазылды. Борышкерден тәркіленген пәтер де сатылып, қарызы өтелді. Кірістерін жасырып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған 52 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 19 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның тоғызы бойынша үкім шықты, — дейді Ақтау қаласы прокуратурасының сотта мемлекет мүдделерін білдіру бөлімінің бастығы Олжас Айтуар.
Сонымен қатар, прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде мемлекет кірісіне әкімшілік айыппұлдар, мемлекеттік баждар және салықтық берешектерді қосқанда -108 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген.
Бұған дейін, Қазақстанда борышкерлерді «Цифрлық бақылау» арқылы іздеу іске қосылған болатын.