Ақтауда бос орындар жәрмеңкесінде 35 азамат әскери қызмет өткеруге ниет білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтаудың ең ірі сауда орталықтарының бірінде Маңғыстау облысындағы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастамасымен әскери қызметке қабылдау бойынша бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ақтауда әскери қызметке ниеттілерге бос орындар жәрмеңкесі өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі атап өткендей, іс-шараның мақсаты — қала тұрғындарын әскери бөлімдердегі бос лауазымдар жөнінде хабардар ету, оған қоса Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріндегі мерзімді және келісімшарттық әскери қызметті насихаттау болды.

Жәрмеңкеге келген ақтаулықтар гарнизон бөлімдеріндегі бос орындармен танысып, кадр қызметінің өкілдеріне өз сұрақтарын қойып, әскери қызметке өту тәртібі жайлы кеңес алды.

Ақтауда әскери қызметке ниеттілерге бос орындар жәрмеңкесі өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Іс-шара барысында қатысушылар келісімшарт негізіндегі әскери қызметтің талаптары мен артықшылықтары жайында толық ақпарат алып, мерзімді қызметтің ерекшеліктерімен танысты. Бұдан өзге жергілікті әскери басқару органдары мен кадр бөлімдерінің өкілдеріне сұрақтарын қойды, — деді Маңғыстау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша шамамен жүз адам әскери қызмет туралы толық мәлімет алды. Оның ішінде 20 адам келісімшарт бойынша, ал тағы 15 азамат мерзімді әскери қызмет өткеруге ниет білдірді.

Одан бөлек, әскердегі қызметтің шарттары мен артықшылықтары көрсетілген үш жүзге жуық ақпараттық парақша таратылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер желтоқсан айына дейін әр апта сайын өткізіліп тұрады. Келесі кездесулер қаладағы түрлі сауда орталықтарында және Амфитеатр алаңында өтеді.

Бұған дейін Қарулы күштердің әскери қызметшісі 600 шақырымдық супермарафонды еңсергенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар