Ақтауда екі жасөспірімді көлік қағып кетті
АҚТАУ. KAZINFORM - Оқиға Шығыс-2 және Шығыс-3 шағын ауданы арасындағы жолда болған.

Сабақтан шыққан 3 оқушы жаяу жүргінші жолағы арқылы жолдың екінші бетіне өтпек болған. Олар көліктің тоқтағанына көз жеткізіп барып, жолға шығады. Алайда бір көлік қатты жылдамдықпен келіп, алда кетіп бара жатқан 2 баланы қағып кетті. Салдарынан жеткіншектер ауыр жарақатпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
- Науқастар 2013 және 2014 жылғы. Біреуінде бас ми жарақаты, бірінші сатыдағы қарыншаішілік қан кету және беті мен денесінің сынықтары бар. Жағдайы ауыр. Ал екінші бала ес-түссіз, комада жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір дәрігерлер әлі де тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиева.
Облыстық Полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Бұған дейін Ақтауда ата-аналар мемлекеттік мектеп ашып беруді сұрап, әкімдік алдына жиналғаны туралы жазған едік.