Ақтауда газ қымбаттады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда сұйылтылған газ бағасы қымбаттады. Бүгін таңертеңнен бері кейбір газ толтыру станцияларында сұйық отын әдеттегі 31 теңгенің орнына 40 теңгеден сатылып жатыр. Облыстық әкімдікте өткен брифингте сұйылтылған газ бағасының күрт өсу мәселесіне қатысты түсініктеме берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақтауда газ қымбаттады

«Энергетика министрлігі республика бойынша сұйытылған газға жаңа баға тағайындады. Кешегі күнге дейін мұнай газының тоннасы қосымша құн салығын қоса есептемегенде 28 мың теңге болса, бүгіннен бастап газ 34 мың 319 теңгені құрайды. Бұған дейін литрі қосымша құн салығын қоспағанда 17,5 теңге еді. Тұрғындар осы бағамен сатып алып жүрді. Қазір бір литр ҚҚС қоспағанда 18 теңге, ҚҚС-ымен 21,5 теңге», - деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мустапаева.

«Сұйылтылған газ бағасы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірі, газ бағасы бақылауға алынады және біздің тарапымыздан жасалатын әрекеттер мен шаралар туралы қосымша хабарлайтын боламыз», - деді Маңғыстау облысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Бақыт Бекмұратов.