Ақтауда Халықаралық балалар күніне арналған мерекелік шаралар өтті
Облыс орталығындағы «Астана» алаңына мерекеге жиылған балдырғандарды облыс әкімдігі мен өңірлік білім басқармасының өкілдері құттықтады.
Концерттік бағдарлама аясында 5-ші жазғы спартакиадада жүлделі орынға ие болған жас спортшылар алғысхаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Балалар мерекесі қарсаңында концерттен бөлек, түрлі мәдени-спорттық байқаулар өткізілді. Сонымен бірге, бүлдіршіндер арасында асфальтқа сурет салудан сайыс өткізіліп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ бүгінгі мерекеде «Арт-вэй» шығармашылық студиясы өз жұмысын бастады. Студия балаларды бос уақытында сурет салу мен пластилиннен түрлі мүсіндер жасауға баулиды.
«Жұмысымызды бүгінгідей мереке қарсаңында бастағанымызды жақсылыққа балаймыз. Негізінен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға қызмет көрсетеміз. Бүгінгі мейрамға орай арнайы шақырылған балалар ән-би және сурет салу байқауларына қатысады. Жүлдегерлерге демеушілер тарапынан түрлі ойыншықтар мен сыйлықтар тарту етіледі» - деді «Арт-вей» шығармашылық студиясының директоры Карина Николай.