Ақтауда І-ші аймақтық халықаралық «Маңғыстау сапа» форумы өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі күнге созылған шараны «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының филиалы және «Ақтау Консалтинг Компани» ЖШС-нің қатысуымен Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырды.
Форумды өткізуге халықаралық деңгейдегі лекторлар - Жапония, Ресей, Украина, Қазақстан және АҚШ сарапшылары, Халықаралық сапа кәсіпқойлары гильдиясы, Сапа көшбасшылары қауымдастығының нақты мүшелері шақыртылды.
Форум жұмысына Ресей Сапа проблемалары академиясының академиктері, ҚР Экономикалық даму және сауда, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктері, ҚР Сапа көшбасшылары Қауымдастығының өкілдері, Қазақстан Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығы иегерлері, Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасы филиалының өкілдері қатысуда.
Бизнес-қауымдастық атынан Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік-Қазақстан, Маңғыстау облыстары кәсіпорындарының басшылары да қатысты.
Қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру - елдің дағдарыстан кейінгі дамуында Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттердің бірі. Елбасы халыққа Жолдауында «Қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлеріміз жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұрыс бағалап, жаңа нарыққа шығудың тиімді стратегияларын жасақтауға шындап кірісіп, бәсекеге қабілетті басымдықтар жасауы маңызды», деп атап көрсетті.
Отандық компаниялар шығарылатын тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасының деңгейін арттыру үшін уақытты жіберіп алмауы керек. Өйткені, қазір Бірыңғай экономикалық кеңістік құру мен ДСҰ-ға кіруге дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар, Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асырудың шешуші кезеңі басталуда. Өткен жылдың қорытындылары бойынша Маңғыстау облысындағы ірі жобалардың табысты жүзеге асырылу барысы байқалады.
«Халықаралық аймақтық сапа форумы - сапа деңгейін арттыру проблемаларын талқылағысы келетін бизнес-қауымдастық өкілдері үшін жақсы мүмкіндік. Форум жергілікті компаниялардың дамуына серпін беріп, халықаралық сапа стандарттарын енгізуге ықпал ететініне сенемін»,- деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аманкелді Айтқұлов.