Ақтауда катер жартасқа соқтығысып, екі адам қаза тапты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда Каспий теңізінің акваториясында серуендеу катері жартасқа соқтығысып, салдарынан екі адам мерт болды.

катер
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 30 тамыз күні кешке 5А шағынауданы маңында болған. Оқиға туралы хабарлама құтқару қызметіне сағат 22:56–да түскен.

Катердің бортында жеті адам болған. Құтқару жұмыстары барысында бес адам жағаға шығарылып, медициналық қызметкерлерге тапсырылған. 

Ал катердегі тағы екі адамның алдын ала мәлімет бойынша, құтқару кеудешесін кимегені анықталған. Іздеу-құтқару жұмыстары кезінде құтқарушылар жағадан шамамен 500 метр қашықтықтан екі адамның денесін судан алып шықты.

Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, төрт техникасы және төрт жүзу құралы жұмылдырылды.

Сонымен қатар полицияның 10 қызметкері мен төрт техникасы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға салдарынан бес ер адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген.

— Төрт науқастың денесінің бірнеше бөлігінен түрлі жарақат анықталып, қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр. 1988, 2002 және 1964 жылы туған үш науқас жалпы жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр, дәрігерлердің тұрақты бақылауында және тиісті ем алып жатыр. 1985 жылы туған науқастың жағдайы тұрақты. Ол травматология бөлімшесінде ем қабылдауда. Ал 1996 жылы туған тағы бір науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем алуға жіберілді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін, Маңғыстауда жеткіншек қызды жабылып ұрған бір топ жасөспірім ұсталғанын жазғанбыз.