Ақтауда контрабандаға қатысты қылмыстық топ құрған азамат 10 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда ірі контрабанданың ұйымдастырушысы сотталды, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.

Ақтау қалалық соты Қазақстан азаматын қылмыстық топ құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
— 2016-2018 жылдар аралығында адамдар тобы құрылыс материалдарын жеткіземіз деген желеумен Ираннан Қазақстанға кеден шекарасы арқылы құны 1 млрд теңгеден асатын темекі мен табак тасымалдаған. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы халықаралық іздеуде болып, Әзербайжан Республикасынан экстрадицияланды. Топтың қалған мүшелері бұған дейін әртүрлі жазалар үшін жауапқа тартылған болатын, — делінген ведомство хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтаулық тұрғындар заңсыз қоршауды бұздырып, құрылыс компаниясына шағым түсіргенін жаздық.