Ақтауда қыста теңізге шомылатын тұрғындар қатары артты

АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта қақаған қыста суық суға түсетіндер көбейді. Мұны бірі денсаулықты нығайту үшін жасаса, енді бірі бұл өз-өзін жеңудің, төзімділікті шыңдаудың тәсілі деп санайды. 

м
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Ал, тәжірибелі дәрігері 

п
Фото: Kazinform

Kazinform агенттігіне берген сұхбатында суық теңізге түсу - ағзаға физиологиялық күйзеліс әкелетінін, алдын-ала дайындалмаған адамдарға қауіпті екенін алға тартты.

Ақтаулық Баян Демесенова қыста теңізге шомылуды былтыр бастаған. Бүгінде суық суға түсу оның қалыпты өмір салтына айналды. 47 жастағы тұрғын күнде таңда теңізге түсіп, йогамен айналысады. 

– Бұл қадамға келуіме депрессиядан шығу, өз-өзімді қайта табу деген ішкі жағдайым себеп болды. Мен негізі тоңғақ адаммын, сондықтан бастапқыда ішкі қарсылық қатты болды. Бірақ «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сөз рас екен. Суық судан шыққаннан кейін бойымды ерекше жеңілдік билеп, «ертең тағы да түсемін» деген сезім пайда болды. Салмағым 65 келіден 58 келіге дейін түсті. Ойлау қабілетім өзгеріп, күш-қуатым артты. Өзімді сергек әрі, белсенді сезінемін. Психологиялық тұрғыда жеңілдеп, кез келген жағдайды сабырмен қабылдайтын болдым. Бұл– үлкен дисциплина. Организм оған біртіндеп үйренеді. Ең бастысы адамда психологиялық дайындық болуы керек,– дейді Баян Демесенова. 

Баян теңізге құрбыларымен бірге шомылады. Олар да 40 пен 48 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Баян Демесенованың суық теңізге түскелі дене бітімі сұлуланып, бет терісі жақсарған. 

– Мұны кез келген адамға ұсына алмаймын. Әсіресе жақын уақытта ана болуды жоспарлап жүрген жандарға немесе денсаулығында мәселесі бар адамдарға өте сақ болу керек. Суық суда шомылуды бастаған адамда қатаң ереже болу керек. Ерте ұйықтап, таңертең ерте тұру, дұрыс тамақтанып, теңізге жақсы оймен және позитивті көңіл күймен бару қажет, – дейді ол. 

Суық суда шомылу – тек қыс мезгілінде мұз ойып, теңізге түсу ғана емес. Бұл ұғымға денені қармен ысқылау, салқын сумен жуыну, контрасты душ сияқты ағзаны біртіндеп суыққа бейімдейтін әдістер де жатады. Мұндай шынығу түрімен тек қыста емес, жыл бойы айналысуға болады. 

Тәжірибелі терапевт дәрігер Нұргүл Садуахасованың айтуынша, суық су ағзаға күшті физиологиялық әсер етеді. Суық суға түскен сәтте қан тамырлары күрт тарылып, қанға адреналин көп мөлшерде бөлінеді. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, қан айналымын жылдамдатады және дененің гипотермияға ұшырауына жол бермейді. Қан салқындап кетпеу үшін ішкі ағзаларға қарай бағытталады, ал тері капиллярларындағы қан көлемі уақытша азаяды. Ал адам судан шыққаннан кейін бұл процесс керісінше жүреді: қан теріге қарай асығып, денеде жылу мен аздаған қышыну сезімі пайда болады. Осы кезде адреналиннің орнын эндорфиндер – «ләззат гормондары» басады. Бұл адамның көңіл күйін жақсартып, сергектік сыйлайды. Сонымен қатар эндокриндік жүйе қабынуға қарсы әсері бар кортикостероидтарды көбірек бөле бастайды. 

Суық суда шомылу – барлығына бірдей жарай бермейтін тәжірибе. Бұл – ағзаға үлкен салмақ түсіреді, сондықтан кез-келген адам онымен айналыса алмайды. Ең алдымен, жедел қабыну аурулары бар, созылмалы дерттері асқынған, жүрек-қан тамыр жүйесінде ақауы бар, қан қысымы жоғары немесе тұрақсыз адамдарға суық суда шомылуға тыйым салынады. Сондай-ақ бүйрек пен несеп-жыныс жүйесінің кез келген аурулары, гинекологиялық қабынулар, созылмалы цистит, эндокриндік жүйе аурулары бар адамдарға да бұл тәжірибе қауіпті. Иммунитеті әлсіреген немесе жақында ауырған адамдарға да уақытша тоқтау қажет. 18 жасқа толмаған балаларға, алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде жүрген адамдарға мүлде болмайды. 

– Суық суға кенеттен түсетін болса тыныс алу тоқтап қалуы мүмкін. Бұл алдын-ала дайындалмаған адамдар үшін қауіпті. Егер бас айналу, көздің қарауытуы, жүрек соғысының жиілеуі, әлсіздік немесе діріл сезілсе дереу тоқтату керек. Суық суға шомылу – емдік әдіс емес, ол тек ағзаны шынықтыру тәсілі. Дәрігердің бақылауынсыз оны жасау созылмалы аурулардың өршуіне, жаңа қабыну процестерінің пайда болуына әкелуі мүмкін. Мысалы, простатит немесе аднексит сияқты аурулардан кейін қиындық туындауы ықтимал. Суық суда шомылуды жаңадан бастаған адамдар біртіндеп, асықпай жасау қажет. Кенеттен басын суға салуға болмайды, суда ұзақ қалмау керек және судан шыққасын асықпай жылыну қажет.– дейді дәрігер Нұргүл Садуахасова. 

Дегенмен маман бұл тәсілдің пайдасын да жоққа шығармайды. Суық суға шомылу кезінде жасушаларда оттегіні пайдалану артып, май алмасуы жеделдейді, метаболизм күшейеді және тері қызарып, қанмен жақсырақ қамтамасыз етіледі екен. Жас ұлғайған сайын қан тамырларының серпімділігі төмендейді. Ал тұрақты, дұрыс жүргізілген суық суда шомылу тамырларды «жаттықтырып», олардың тонусын сақтауға көмектеседі. Суық – ағза үшін стресс болғандықтан, ол коллаген мен серпімді талшықтардың түзілуін ынталандырады. Нәтижесінде тері балғын көрініп, серпімділігі артады. 

Ақтаулық 38 жастағы Қанат Абдиев суық теңізге 5 жылдан бері түседі. Ол бұл қадамға денсаулығын нығайту үшін барған. 

м
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

– Басында суық суға түскенде әсер ерекше болды. Жүрек соғысым жиілеп, аздап үрей пайда болды. Кейін ағзам біртіндеп үйрене бастады. Әрине, бойымда оң өзгерістер бар. Ұйқым жақсарып, ұсақ-түйекке ашуланбайтын болдым. Таңертең суға түскен соң өзіңді бақытты сезініп, күні бойы сергек жүресің. Бірнеше жылдан бері ангина, тұмау секілді аурулармен ауырған емеспін, - дейді ол. 

Қанат Абдиев үшін ең басты қағида– ағзаны тыңдау. 

– Суға түскен кезде организм сигнал береді. Сол белгіні түсіну керек. Судың ішінде екі минут, бес минутқа тұрамын деп ешкіммен жарысуға болмайды, - дейді ол. 

Қанатпен бірге теңізге күн сайын 70 шақты адам шомылады. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі, 18 бен 60 жастан асқандар. 

Бұған дейін, Каспийді бағындырған алғашқы Ақтаулық штурман әйел туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум