Ақтауда коммуналдық кәсіпорынға айыппұл салынып, тариф арзандады
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда прокуратура актісі бойынша су бұру қызметтерінің тарифі төмендетілді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
«КЖСА» МКК қызметінде жүргізілген тексеру кезінде 30 млн теңгеге тарифтік сметаның орындалмағаны анықталды. Заңға сәйкес бекітілген тарифтік сметаны орындамау — уақытша өтемдік тарифті бекітуге негіз болады.
— Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде сарқынды суды бұру қызметінің құны 3%-ға дейін төмендетілді, сумен қамтушы кәсіпорынға 3,4 млн теңге айыппұл салынды. 105 мыңнан астам тұтынушының құқықтары қорғалды, оның ішінде 1,5 мың кәсіпкерлік субъектісі бар. Азаматтардың құқықтарының сақталуы прокуратураның тұрақты бақылауында, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Шымкент тұрғындарының 99 пайызы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етілгенін жазғанбыз.