Ақтауда көпқабатты екі үйдің ортасындағы қуысқа түсіп кеткен бала ауруханадан шығарылды
Ақтауда тұрғын үйдің 8-қабатынан құлап, көпқабатты екі үйдің ортасындағы қуысқа түсіп кеткен бала ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 8 қыркүйек күні сағат 22.45-те 16 шағынауданда 59-үйінде болғанын жазған едік.
«Баланың жағдайын толық тексеру нәтижесінде жасөспірімнің 3-ші дәрежелі травматикалық шок алғаны анықталды. Санасы ми комасының 2-ші дәрежесінде болды, көзінің қарашығы кеңейген. Жедел түрде жасанды тыныс алу аппаратына қосып, шокқа қарсы терапияны бастадық»,-деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы реанимация және қарқынды терапия бөлімің меңгерушісі Мереке Бекбаев.
Дәрігерлер толық тексеріс жүргізіп, басын, өкпесін, бел тұсын компьютерлік томографияға түсірді. Іш құрылысына ультра дыбыстық зерттеу жүргізілді. Баланың жабық бас ми жарақаты, бел омыртқасының сыну диагнозы қойылды.
«2 күннен соң бала ми комасынан шықты. Баланың тыныс алуы қалпына келген соң аппаратты өшірдік. Өзі демала бастады, санасы айқын күйде. Реанимациядан хирургия бөліміне ауыстырдық. Балаға ешқандай ота жасалған жоқ», - деді Мереке Бекбаев.
Жасөспірімнің жедел түрде емін жүргізіп, аман қалуына реаниматологтар, хирургтар, нейрохирургтар, медбикелер атсалысқан. 17 жастағы жасөспірім үйіне шығарылды. Алдағы уақытта оңалту орталығында реабилитациялық шаралар жүргізіліп, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.