Ақтауда күн энергиясын пайдаланатын зауыт салынатын болды
Ресми кездесуге «Empereal» компаниясының негізін қалаушысы Манож Дивакаран, Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы Марат Молдағұлов, әкім орынбасарлары мен құзырлы мекемелердің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. 2014 жылдың қыркүйек айында «Empereal» компаниясының өкілдері Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршинмен кездесіп, күн энергиясын тиімді пайдалану технологиясын таныстырған болатын. Кездесу барысында «Empereal» компаниясының негізін қалаушысы Манож Дивакаран Ақтауда күн энергиясын пайдалану технологиясының мүмкіндіктері туралы айтып берген еді. Оның айтуынша, шамамен 140 га көлемінде жер учаскесіне орналасатын зауыт күн сәулесін пайдалану арқылы қуаты 50 МВт электр энергиясын, тәулігіне 10 мың куб метр тұщытылған су өндіре алады. Зауыттың толық жұмыс жасау кепілдігі 25 жылды қамтыса, бастапқы 20 жылда зауыт компанияның басқаруында болып, кейін ақысыз мемлекет меншігіне беріледі. Ширек ғасыр аралығында зауыт қондырғыларын жаңғыртып немесе жөндеп тағы да станцияның 20-25 жыл жұмыс жасау мерзімін ұзартуға болатындығы жайлы айтылған еді. - Жобаның жалпы инвестициялық құны 85,5 млн АҚШ долларын құрайды. Жалпы салынған инвестицияның қайтарымы 8-9 жыл. Зауыт 150 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы және жергілікті жоғары оқу орнымен келісімге отыру арқылы арнайы ғылыми орталық ашып, қаржыландыруға мүдделіміз. Бұл жергілікті мамандарды оқыту мен дайындау үшін қажет. Өйткені зауытта 10-15 маманды шеттен тартамыз, ал қалғаны түгелдей жергілікті мамандар болады. Сондай-ақ, арнайы біліктілігіне байланысты жалақылары да жоғары, яғни, нарықтық мөлшерден кем болмайды, - деді кездесу барысында «Empereal» компаниясының негізін қалаушысы Манож Дивакаран. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында жер телімін белгілеу, зауыт орнын анықтап, егжей-тегжейлі жобасын жасақтау, және өнімді пайдалану келісімін жасау міндеттемелері бойынша қала әкімдігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы және «Империал ренюбл Энерджи Казахстан» компаниясы арасында энергия ресурстарын жаңғырту туралы үшжақты меморандумға қол қойылып, негізгі мәселелер талқыланды. «Бұл жобаның Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «жасыл экономиканы» дамыту, альтернативті энергия қуатын тиімді пайдалану сынды тапсырмаларын іске асыруға, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің мақсатына сай келеді. Инвесторлардың Маңғыстауға келіп, күн энергиясын пайдалану технологиясын салуы, бұл - еліміз үшін де, энергетика саласы мен коммуналдық қызмет үшін де зор жетістік. Қазіргі әлемде болып жатқан дағдарыстарға, әр түрлі жағдайларға қарамастан ірі компанияның қалаға қомақты инвестиция салуы, әрине, жаңа жұмыс орындарын ашып, мамандарды даярлау, жаңа технологияларды ашу және ғылыми жағынан дамыту бағытында жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бастысы - бұл инновациялық технологияның қоршаған ортаны ластауды болдырмауына, тарифтерді тұрақты ұстауға, қаланың жаңа шағын аудандарын дамытуға ықпал етеді», - деді қала әкімі Еділ Терекбайұлы.