Ақтауда «Маңғыстау құтқарушылары» шарасы өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Достар» жағажайында өткен шараға мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдар өкілдері, студент жастар, жағажайдағы демалушылар қатысты.
Акцияға қатысушыларға, жағажайда демалушыларға суға түсу кезіндегі сақтық ережелері жаднамалары таратылды.
Сондай-ақ МО Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты суда құтқару қызметі мекемесінің суға кеткен адамды құтқару шараларының көрсеткіштік қойылымы болды.
Аталмыш шараны облыстық әкімдік пен «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.
Шара соңында қала тұрғындары теңіз жағалауындағы су көліктерінің шеруін тамашалады. Шеруге «Яхт клуб Бриз» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған Гокси, Сиа Террапин, Вектор- 630 - катерлері мен Эндиавор, Патриот, Диана, Денис кизи Тетис, Маугли, Настя, Грейс - яхталары сап түзеп жүзді.
«Яхт клуб Бриз» қоғамдық бірлестігі 1980 жылдары суда жүзуге құмартқан ақтаулықтардың басын біріктірді. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Желкенді қайықпен, катерлермен, яхталармен қала тұрғындарына демалыс ұйымдастырумен қатар өздерінің сүйікті істерімен айналысуда. Қоғамдық бірлестіктің командоры Сергей Кулькин яхта шеруін қолдап, барлық маңғыстаулықтарды Астананың туған күнімен құттықтады.
«Теңіз жағалауындағы жағажайларымыз қанатын кеңге жайып, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы қызмет ұсынуда. Бірақ біз су - тілсіз жау екенін әрқашанда есте сақтауымыз керек. Суда құтқару қызметінің ережелерін жадымызда сақтайық. Құтқарушылар қызметінің қиындығын және қауіптілігін ұмытпайық», дедіСуда құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінің сүңгіуірлік апаттық-құтқару отрядының бастығы Руслан Күнтуаров.