Ақтауда медициналық туризмнің дамуы талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда халықаралық туристік форум аясында медициналық туризмді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев, сондай-ақ медицина саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Қатысушылар жағалаудағы туристік және сауықтыру аймақтарына, онда орналасқан орталықтарға барды. Олар инфрақұрылымды жоғары бағалап, өңірдің медициналық-сауықтыру қызметтері саласындағы елеулі әлеуетін атап өтті.
Форумның шеңберінде панелдік сессия өтті. Онда жетекші дәрігерлер мен сарапшылар тәжірибе алмасып, саланы одан әрі ілгерілету жолдарын ұсынды.
Іс-шара соңында Маңғыстау облысында Денсаулық сақтау вице-министрі мен медициналық ұйым басшыларының қатысуымен медициналық туризмді дамыту және санаторийлік-курорттық емдеу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Бұған дейін Ақтауда халықаралық туристік форум өткендігі жөнінде жазған болатынбыз.