Ақтауда мемлекеттік ту уақытша түсірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда 12-шағынаудандағы «Ынтымақ» алаңында орнатылған мемлекеттік ту уақытша алынды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда мемлекеттік ту уақытша түсірілді
Фото: Ақтау әкімдігі

— Ақтау қаласындағы 12-шағынауданда орналасқан «Ынтымақ» алаңындағы тұғырда тұрған мемлекеттік ту ауа райының қолайсыздығына байланысты уақытша алынды. Ауа райы жақсарған соң ту қайтадан орнына көтеріледі, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін Ақтауда қар жауды. Осыған орай қалалық коммуналдық қызмет көктайғақтың алдын алу мақсатында таңғы уақытта қала жолдарына инертті материал септі. Бұл жұмыс ең алдымен ылди (спуск) жолдар, айналмалы (кольцевая) жолдар және орталық көше жолдарында жүргізілді. Аталған жұмыстарға бір жауапты шебер, бес жүргізуші, үш КДМ техникасы, бір жүк тиегіш, бір бойлер, алты жұмысшы, бір «Газель» автокөлігі және бес мотопомпа тартылды. Жұмыстар алдағы уақытта ауа райы жағдайына байланысты жалғасын табады.

Бұдан бұрын 15 желтоқсан, дүйсенбі күні Қазақстанның 15 облысында және Астана қаласында көктайғақ пен бұрқасынға байланысты дауылды ескерту жарияланды.

Соңғы жаңалықтар