Ақтауда мүгедектерді қайыр сұрауға мәжбүрлеген отбасы мүшелері сотталды

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, Ақтауда қайыр сұраумен байланысты «отбасылық бизнес» анықталған. Осы дерекке қатысты Ақтау қалалық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 126 (бас бостандығынан заңсыз айыру) және 128 (адамды қанау) баптары бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін үш адам сотталды. 

Ақтауда мүгедектерді қайыр сұрауға мәжбүрлеген отбасы мүшелері сотталды
Фото: Norma.uz

Сотталғандар – 50 жастағы әйел мен оның екі ұлы. Олар 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың наурызына дейінгі кезеңде Ақтау қаласында мүгедектігі бар екі адамды күштеп ұстап, оларды пайда табу мақсатында пайдаланып, қоғамдық орындарда қайыр сұрауға мәжбүрлеген.

– Олар аяғы жоқ екі жәбірленушіні Қарағанды қаласынан алдап, әуелі Семей қаласында қайыр сұрауға мәжбүрлеген, кейін Ақтау қаласына әкеліп, жергілікті базарларға шығарған. Ал тапқан ақшаларын сотталғандар өздеріне алып отырған, - делінген хабарламада. 

Осы уақыт бойы жәбірленушілердің, қашуға әрекеттенгені үшін, қорқытуға, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырғаны анықталды. Дегенмен 2024 жылдың наурыз айында жәбірленушілердің бірі полицияға хабарласқан. Соның арқасында қылмыстық схема ашылған. «Отбасылық бизнестің» үш қатысушысы да 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін Маңғыстауда Қошқар ата улы қалдықтар қоймасының айналасы көгалдандырылатыны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар