Ақтауда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психо-неврологиялық интернат үйі ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Интернат үйінің ашылу салтанатына облыс басшысы Қырымбек Көшербаев, облыстың әлеуметтік сала қызметкерлері және «Нұр Отан» ХДП филиалы басшылығы, ата-аналар мен балалар қатысты.
2007 жылы құрылысы басталған интернат үйіне республикалық бюджеттен 710 млн. теңге қаржы аударылған. Екі жыл ішінде құрылысы аяқталып, керекті құрал-жабдықтармен жасақталған интернат 210 балаға арналып отыр.
«Маңғыстау облысында 600-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Оларды ата -аналары осы уақытқа дейін балаларын Атырау, Павлодар, Қызылорда облыстарына апарып, емдетіп және оқытып келетін. Енді өзімізде осындай интернат үйі ашылғаны ата -аналарға біраз жеңілдіктер әкеледі деп сенемін. Келесі жылы осы интернат ішінен 30 балаға арналған күндізгі бөлімнің ашылуы да жоспарда тұр. Біздің ең үлкен байлығымыз және құндылығымыз - балалардың жағдайын жақсарту,олардың жарқын өмірі үшін қолдан келгенді жасау», деді облыс басшысы Қ.Көшербаев.
Интернат үйіне 360 маман қызметке алынуы тиіс. «Алайда, облыста дефектолог, РПОтерапевт мамандарының жеткіліксіздігінен осы орындарымыз бос тұр», дейді интернат үйінің директоры Нұржамал Қошқарбайқызы.
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Гүлмира Қалмұратованың айтуы бойынша, мұнда 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ем алып,оларға 5 түрлі арнайы қызмет көрсетіледі. Олар - әлеуметтік, педагогикалық, медициналық, құқықтық, экономикалық қызметтер. Интернат үйі шілде айының аяғына дейін мемлекеттік сатып алу жұмыстарын аяқтап және балалардың құжаттары толықтай жиналғаннан кейін өз жұмысын бастайды.