Ақтауда мұнай өндірісінің барлық циклін қамтыған оқу-әдістемелік полигон салынуда

АҚТАУ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Биылғы оқу жылының аяғынан бастап Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіндегі Мұнай-газ мамандығының студенттері жаңа оқу-әдістемелік полигонда тәжірибеден өтпек.
None
None
Мұнайгаз өндірісінің геологиядан бастап, таза мұнайды тасымалдауға дейінгі тізбегін қамтитын полигонда үдерістердің бәрі шынайы жағдайда жүретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі университеттің Мұнай-газ институтына сілтеме жасап. «Оқу әдістемелік полигонда геологиялық барлаудан бастап, өндірістік бұрғылау, мұнайды өндіру, жинау, сақтау, тасымалдау секілді барлық цикл бойынша тәжірибелік қолданбалы сабақтар өткізілмек. Бүгінде оған қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтардың 80 пайызын алдырып қойдық. 6 жерден әрқайсысы 50 метрден ұңғы қазып, түбін цементтеп, сорғы орнаттық. Алты ұңғы бүгінде облыстың мұнай өндірісінде қолданыста бар ұңғы түрлерінен үлгі ретінде алынды. Олар: Фонтанды - яки, қатты қысыммен атып тұрған; Газлифтілік - орташа қысыммен өздігінен мұнай беріп тұрған; Штангалы-тереңсорғылы - тереңнен мұнай алып жатқан; Штангалы-винтті - орта тереңнен мұнай алып жатқан; Электр-шырайналмалы ? электрқозғалтқышты және кері айдағыш ұңғылар. Фонтанды ұңғылар көбіне Қаражанбас, Жетібай кен орындарында кездеседі, Өзендегі ұңғылардың дені ЭЦБ түрлері. Осы ұңғылардың барлығы құбырлармен жалғасып өндіріс тізбегі бойынша спутник аппаратына, газ сеператорына, сорғыларға, жылыту пештеріне, көлденең жинағышқа және т.б. жалғанған. Ең соңында таза мұнай құрыш қазандыққа келіп жиналады. Газ сеператоры мұнайдан ілеспе газды бөліп алып, сырық түтігі арқылы жағып жіберетін болса, жылыту пештері мұнайдың қатып, құбырда бітеліп қалмауын қамтамасыз етеді. Көлденең жинағыш мұнай құрамын бөгде заттардан тазартады. Ал құрыш қазандықтағы таза мұнай бұдан әрі танкерлер, теміржол цистерналары немесе құбыржолдар арқылы ары қарай тасымалданады деп түсіндіріледі де, іс жүзінде полигонда кері айдағыш ұңғы арқылы қайтадан, циклдың басына, ұңғылардың түбіне айдалады. Осылайша ұйымдастырылған шара циклды басынан қайта бастауға мүмкіндік береді», - дейді университеттің Мұнай-газ институтының директоры Асқар Сейдалиев. Полигонда өндіруден бөлек, барлау, бұрғылау жұмыстары бойынша да жұмыстар өткізілмек. Геология мамандығы студенттері «Карат» атты каратажный стансыда шын мәнінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін болса, бұрғылау мамандығын оқып жатқандар үшін арнайы А-32 жылжымалы бұрғылау станогы алынған. Полигондағы қондырғы, құрал-жабдықтардың барлығы облыстағы мұнай-газ мекемелері өндірісінен арнайы бөлінген. Сондықтан тәжірибедегі техникалық талаптар да, өндіріспен бірдей. Мұнайға Қаражанбастың шикі мұнайына керосин қосылып пайдаланылатын болады. Жаңа үлгідегі оқу-әдістемелік полигон құрылысы облыс әкімі жанынан құрылған «Қамқорлық кеңесінің» бастамасымен жүзеге асып отыр. Кешеннің жобасын жасаған да, құрал-жабдықтарды беріп жатқандар да, құрылысын жүргізіп жатқандар да осы кеңеске мүше компаниялар. Жобасын жасаған «Құрманғазы Петролиум» ЖШС жобаға 100 мың АҚШ долларын жұмсаған болса, құрылысын жүргізіп жатқан «МұнайГазҚұрылыс» АҚ құрылыс жұмыстарына кететін 50 млн. теңгенің 30 миллионын өзі көтеріп отыр. Қалған 19 млн. теңге Кеңестің қорынан төленбек. Ал құрал-жабдықтарды «ӨзенМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз», «ҚарақұдықМұнай», «ҚаражанбасМұнай», «ҚазТрансОйл» сынды компаниялар беріп жатыр.
Соңғы жаңалықтар