Ақтауда Назарбаев мектебінің оқушылары мұғалімді ішімдік ішті деп айыптады
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкеріне қатысты ішкі тексеру басталды. Бұған әлеуметтік желіде тараған бейнежазба себеп болған.
Видеода оқушылар мектеп қызметкерінен оқу орнына алкоголь ішіп келгені туралы сұрайды. Ал, ер адам ішімдік қолданғанын жоққа шығармай, оқушылардан кешірім сұрайды.
Оқушылардың айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де болған. Сондай-ақ олар қызметкердің балалармен дөрекі сөйлескенін алға тартқан. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Мектеп директоры Ринат Жұмабаевтың айтуынша, қазір ішкі тергеу жүргізіліп жатыр.
— Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты мектепте ішкі тергеу жүріп жатыр. Келтірілген деректер тексерілуде. Тексеру нәтижесінде қызметкер тарапынан заңбұзушылық анықталса, Еңбек кодексіне сәйкес шара қолданылады. Тіпті, жұмыстан шығарылуы мүмкін, — дейді ол.
Оқиғаға қатысты Маңғыстау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті де ақпарат жинай бастаған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Назарбаев Зияткерлік мектептері автономды білім беру ұйымы болғандықтан, оқу процесі мен ішкі бақылауды дербес жүзеге асырады.
Ведомство жағдай расталған жағдайда қызметкердің әрекетімен қатар, мектептегі ішкі бақылау мен оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың жұмысына да баға берілуі мүмкін екенін хабарлады. Қорытынды тек тексеру аяқталғаннан кейін жасалады.
Бұған дейін Ақтауда балықтан уланып, ауруханаға түскен 9 жастағы баланың туыстары көмек сұрағанын жазғанбыз.