Ақтауда никаб киіп, «қару» ұстаған қыздардың ата-аналары жауапқа тартылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облыстық полиция департаменті әлеуметтік желілерді бақылау барысында, никаб киген екі қыздың ойыншық автоматтармен жүрген бейнежазбасын байқаған. Тексеру іс-шараларын жүргізу барысында осы оқиғаға қатысы бар адамдар ұсталып, полицияға жеткізілді.

26 шілдеде сағат 22:30 шамасында Ақтау қаласының 15 жасар тұрғыны өзінің 17 жасар досымен кездесіп, «Ақбота» балалар саябағында ойыншық автоматтарын сатып алып, бейне контент жасап, әлеуметтік желіге жүктеген.
Осы оқиғаға байланысты, жасөспірімдердің заңды өкілдері түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың жалғыз жіберу және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қыздар профилактикалық есепке алынды.