Ақтауда Орталық Азия елдері мен Ресей ұшақтары жөнделеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау әуежайы аумағында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету орталығы салынады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.

- Қазіргі кезде перспективалық мультимодальды әуе хабтардың бірі – Ақтау әуежайы. Оның негізгі артықшылығы - барлық көлік түріне қолжетімділігі және Еуропаға 3 сағаттық жақын жерде орналасуы. Жүк әуехабымен қатар, YDA, Turkish Technic және ASFAT компаниялары бірлесіп, әуежай аумағында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және оқу орталықтарын салуды жоспарлап отыр, - деді М.Қарабаев.
Осы орайда министр қызмет көрсету орталығы Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдерінің азаматтық және әскери ұшақтарын қамтитынын айтты.
- Осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде әуежайдың жүк тасымалдау қуаты жылына 200 мың тоннаға дейін, ал әуежайдың жылдық айналымы 520 миллиард теңгеге дейін артады деп жоспарланған, - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы тасымалданатын жүк көлемі артады.