Ақтауда «Отбасы банк» баспана жәрмеңкесін өткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Шараға құрылыс компаниялары қатысып, пәтер алушыларға жеңілдіктерін ұсынды. Ал «Отбасы банк» мамандары тұрғындарға «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы туралы мәліметтер беріп, пәтерлерді таңдап, броньдауға арналған «Баспана маркет» порталының жұмысымен таныстырды.
- Отбасы банк 30-маусымға дейін қазақстандықтардан «Наурыз» бағдарламасына өтініштер қабылдап жатыр. Оның шарттарына сәйкес, қатысушының қаржы ұйымында депозитте қаражаты болуы тиіс. Оған барлық ниетті азаматтар үлгереді, – дейді «Отбасы» банк» АҚ Маңғыстау облысы филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Сармысова.
— «Наурыз» бағдарламасы бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін), ал азаматтардың қалған санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін). Бастапқы жарнасы небәрі 20 пайызды құрайды. Көптеген тұрғындар ипотекалық несие алғысы келеді. Алайда бастапқы жарнасын - 50 пайызды жинау барлық адамға бірдей оңай емес. Сондықтан аталған бағдарлама халыққа өте тиімді. Сондай-ақ, бөлінген қаражаттың 60 пайызы 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Яғни, байқауға қатысушының отбасы, балаларының болуы есепке алынып, балл есептеледі, - дейді Гүлмира Сармысова.
Баспана жәрмеңкесі «Наурыз» бағдарламасын тұрғындарға кеңінен түсіндіру мақсатында өткізілді. Мамандар келушілерге кеңестер беріп, пәтер алуға ниетті тұрғындарға бағдарлама шарттарын жіті түсіндіріп жатты. Сондай-ақ, шараға аймақтағы 6 құрылыс компаниясы қатысып, пәтер алушыларға 5-10 пайыздық жеңілдіктерін ұсынды.
Айта кетейік, жәрмеңкеге қатысқан «К7-групп», «БС Строй», «СК Строй», «BI group», «Kazstroy premium», «Alan towers» компаниялары туралы мәліметтер «Отбасы банктің» «Баспана маркет» порталында толық көрсетілген. Олардың толық тізімімен кез келген тұрғын тынысып, Ақтауда бой көтерген тұрғын үйлерді үйінен шықпай-ақ таңдай алады.

Айта кететін жәйт, «Наурыз» бағдарламасының шарттары бойынша заемның ең жоғары мөлшері барлық өңірлерге 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы қалаларына 36 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ банк өкілдері «Отау» бағдарламасы бойынша да 289 заем берілгенін қуана хабарлады.
- Қазір өңірде «Отау» бағдарламасының байқауы аяқталып, тұрғындар баспаналарын алып жатыр. Оған депозиттерінің мерзімі 18 айдан асқан клиенттеріміз қатыса алды. Үміткерлерге «Баспана маркет» порталында 9 169 пәтерден тұратын 320 тұрғын үй ұсынылған, оның 939-на тапсырыс берілді. Қазір жаңа пәтерлердегі қоныс тойын Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының тұрғындары атап өтуге дайындалуда. «Отау» бағдарламасы бойынша өтпеген азаматтар «Наурыз» бағдарламасына ауысып жатыр, - дейді Гүлмира Сармысова.
Баспана жәрмеңкесінде сондай-ақ, «Отау» бағдарламасы бойынша пәтерлі болған тұрғындарға сыйлықтар беріліп, құрмет көрсетілді. Солардың бірі Ақтау қаласының тұрғыны Ұлмекен Көбесінова.
Бастапқыда ол жыл сайын берілетін мемлекеттік сыйлықақыға қызығып, депозит ашқанын, артынан сол салымымен баспаналы болғанын қуана айтып отыр.
-Мен 5 жылда 5,5 миллион теңге жинадым. Мемлекеттік сыйлықақы түскен сайын, қызығушылығым арта түсті. Нәтижесінде «Отау» бағдарламасына қатысып, жаңадан салынған тұрғын үйлерден өзіме ұнаған пәтерді таңдап алдым. Отбасы банктің бағдарламалары халыққа тиімді, - дейді ол.