Ақтауда өткен Павлодар музейінің көрмесінде 6,5 млн. жылғы экспонаттар таныстырылды

АҚТАУ. ҚазАқпарата - Маңғыстауда Павлодар облысының Мәдениет күндері басталып кетті. 3-4 маусым күніне жоспарланған шараның басты мақсаты екі аймақ арасында байланысты орнату болып табылады.
None
None

3 маусым күні Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының сахнасында маңғыстаулықтар үшін Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының «Ханума» музыкалық комедиясы көрсетілді.

Сондай-ақ Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ашылды. Бұл жерде Ертіс өңірінің тарихымен, әлеуметтік және экономикалық дамуымен байланысты түрлі жәдігерлер қойылды.

«Музей өз жұмысын 1942 жылы бастаған, ол Қазақстандағы үздік музейлердің қатарында. Бұл жерде атақты актер, режиссер Шәкен Аймановтың сахналық костюмдері, халық әншісі Майра Шамсутдинованың киімдері мен сырнайы, археолог-ғалым Әлкей Марғұланның заттары қойылған. Сондай-ақ ғалым Қаныш Сәтпаевтың, басқа да павлодарлық атақты азаматтарға қатысты түрлі суреттер мен материаладармен танысуға болады», - деді Потанин атындағы музейдің директоры Гүлнар Нұрахметова.

Музейге қойылған түрлі көне экспонаттарға назар аудармай қоймайсыз, олар бұғының сүйектері (10-15 мың жыл бұрынғы), бизонның мүйізі (8-10 мың жыл бұрынғы), мамонттың тістері мен гиппарионның (үш тұяқты көне жылқы түрі) аяқ-қолдары. Гиппарионның аяқ-қолдарына 6,5 млн. жыл болған. Көрмеде сонымен бірге 250 млн. жыл бұрынғы тасқа айналған молюскалар: аммонит пен белемниттер таныстырылды. Белгілі болғандай, Павлодар музейінің палеонтологиялық коллекциясы «Қазқонақ» ескерткіштерінен бастау алады. Бұл палеонтологиялық ескерткішті 1928 жылы Ресей ғалымы Юрий Орлов ашқан екен.

Соңғы жаңалықтар