Ақтауда полициядан қашқан жүк көлігінің жүргізушісін жерге шеге төсеп тоқтатты
АҚТАУ. KAZINFORM – Оқиға 29 шілдеде сағат түнгі 1:30 шамасында болған. Маңғыстау облыстық полиция басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылындағы өндірістік аймаққа жақын автожолда «DAV» маркалы көлікті байқап, оның жүрісі күдік тудырған.

Алайда, көлік жүргізуші полицияның тоқтау туралы заңды талабына бағынбай, бой тасалауға тырысқан. Қуғын барысында ол бірнеше рет жол қозғалысы ережелерін бұзып, басқа жүргізушілерге қауіп түндірген. Жүк көлігін жерге шеге төсеп, тоқтатуға тура келді.
Ұстау кезінде жүргізушінің Түркістан облысының тұрғыны екені, жүк тасымалдаумен айналысатыны және тиісті құжаттары бары анықталды. Алайда ол медициналық куәландырудан өтуден бас тартты.
— Азамат келесі құқықбұзу бойынша жауапкершілікке тартылды: полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, медициналық куәландырудан бас тарту (мас күйінде көлік жүргізуге теңестіріледі), жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, апаттық жағдай жасау. Көлік арнайы тұраққа қойылып, іс сотқа жолданды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Ақтауда теңіз жағалауынан итбалық өлексесі табылғаны туралы жазған болатынбыз.