Ақтауда салық берешегі бар көліктерге кезекті рейд жүргізілді

АСТАНА. KAZINFORM —  Ақтау қаласында салық берешегі бар көлік иелерін анықтау және бюджетке төленетін міндетті төлемдердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кезекті рейд өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

полиция
Фото: Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Іс-шара Маңғыстау облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, Ақтау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, Ақтау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы және Маңғыстау облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылды.

Мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы қараша айына дейін 8 938 жеке тұлғаның бюджет алдындағы берешегі шамамен 680 млн теңгені құрап отыр. 

Салық міндеттемелерін мерзімінде орындамаған жағдайда сот шешімі негізінде бірқатар шектеулер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, банктік шоттардың бұғатталуы, елден шығуға тыйым салу, көлікті қайта рәсімдеуге немесе сатуға шектеу, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту сынды шаралар қарастырылған.

полиция
Фото: Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

— Қала тұрғындары мен автокөлік иелерін салық және өзге де міндетті төлемдерді уақытылы әрі толық көлемде төлеуге шақырамыз. Бұл заң талаптарын сақтау ғана емес, сонымен қатар қаржылық және құқықтық қиындықтардың алдын алуға сеп болады, — деді Ақтау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Аянбек Мырзағалиев.

Айта кетейік, аталған шара қала аумағында күнделікті жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар