18:15, 07 Мамыр 2009 | GMT +5
Ақтауда «Сарбаздар ән салғанда» саптық әндер байқауы өтті
АҚТАУ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Отан қорғаушы мерекесіне орай Ақтаудағы Астана алаңында «Сарбаздар ән салғанда» саптық әндер байқауы өтті. Маңғыстаудағы әскери бөлімдер арасында өткен байқау қорытындысында әскери- теңіз институты бірінші орын алды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Байқауға облыстағы 6 әскери бөлім қатысты. Шарт бойынша олардың әрқайсысында саны 30-дан кем емес сарбаз болды. Қала әкімшілігі, тіл дамыту бөлімі және өнер саласы өкілдері мен әскери қызметкерлер қазылық еткен сайыста марш екпініндегі әскери-патриоттық әндер орындалды. Әділ қазылар алқасы қатысушылардың орындау шеберлігіне, сапта тұруы, марштық қадамдарын дұрыс жасауы, жеке әншісінің болуы және киімдерінің де мерекеге сай болуына қарай баға берді. Саптық ән байқауында жеңімпаз болған Ақтаудағы әскери -теңіз институтының сарбаздары сазгер, әнші Қ.Жүнісовтың «Қазақтың елі» әнін орындады. Оларды дайындаған рота командирі, майор - Д.Нығметуллаев. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 9-мамыр Жеңіс күнінде осы алаңда өтеді.