Ақтауда шетелдік дәрігерлер 3 балаға күрделі ота жасады
АҚТАУ. KAZINFORM — Облысқа Қытай, Моңғолия, Ресей, Әзербайжан, Түркия елдерінен білікті хирургтар келіп, науқастарға күрделі оталар жасап жатыр. Дәрігерлер «Каспий маңы елдері эндохирургтерінің II пәнаралық конгресіне» жиналған.

Соның аясында мамандар хирургия саласы бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр. Алғашқы шеберлік сабағын Ресей Федерациясының медицина ғылымдарының докторы, С. Я. Долецкий атындағы балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі Юрий Соколов өткізді. Оның жетекшілігімен «Кеудеаралық ганглионеврома», «Оң жақ өкпенің кистасы» және «Бауыр және ішек шажырқайындағы эхинококк кистасы» диагноздары қойылған 3 балаға күрделі лапароскопиялық және торакоскопиялық оталар жасалды.

— Оталар сәтті өтті. Балалардың жағдайы қалыпты, наркоздан оянып жатыр, — дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Гүлжан Ермекбаева.
Балаларға жасалған оталарды маңғыстаулық дәрігерлермен қоса, Астана, Ақтөбе, Семей, Өскемен қалаларынан келген хиругтер онлайн трансляция арқылы көрді.
— Бұл шеберлік сағаты — эндохирургия саласындағы заманауи әдіс-тәсілдер мен технологияларды меңгеруге, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Каспий маңы елдері мен түркітілдес мемлекеттер арасындағы медициналық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға арналған, — дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі Талғат Мұқантаев.
Шетелдік хирургтер алдағы күндері гинекология, урология және бариатрия салалары бойынша оталар жасайды.
Бұған дейін Маңғыстауда бірнеше ауылды жайлаған қарақоңыздардың карантиндік емес екенін жазған болатынбыз.