Ақтауда сынық бетон пайдаланғаны үшін тұрғын үй құрылысы тоқтатылады
Ақтауда салынып жатқан тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары тоқтатылады. Өйткені құрылысқа жарық бетон пайдаланылып, қалау технологиялары бұзылған, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтау қаласының 29А шағын ауданындағы №130/9, №130/13, №130/14 жер учаскелерінде орналасқан көпқабатты үйдің ішкі плиталары опырылып түскен еді.
Осыған орай Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғын үйге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде құрылысқа жарық бетон пайдаланылып, қалау технологиялары бұзылғанын анықтаған. Заң талаптарына сәйкес әкімшілік шара қабылданды.
«Айыппұл өндірілді. Қазіргі таңда жүріп жатқан құрылысты тоқтату туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар құрылысқа техникалық қорытынды жасақталатын болады. Енді тұрғын үйдің жарамды, жарамсыз екенін анықтауымыз керек», - деді Маңғыстау облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.