Ақтауда такси қызметі қымбаттап кетті

Бұрын Ақтауда 300-350 теңге тұратын қызмет түрі қазіргі кезде 450-700 теңгеге бір-ақ жетті. Бағаның күрт көтерілгеніне тұрғындар жиі шағымдануда.
«Мен Маңғышлақта тұрамын. Ақтауға қатынау үшін такси қызметін 450-500 теңге аралығына шақыратын едім. Қазір 600-1000 теңгеге ғана келеді. Кішкентай қала Ақтаудың ішінде де такси 400-ден жоғары. Ең болмаса қоғамдық көлік қайтадан жүрсе болар еді»,-дейді қала тұрғыны Раушан Талапқызы.
Маңғыстау облысы бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, облыс бойынша 20 шілдеден бастап карантиннің күшейтілуіне байланысты қоғамдық көлік толықтай тоқтаған. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғындардың тек жеке көлікпен немесе таксимен жүруіне рұқсат беріліп отыр.
Тұрғындардың шағымы бойынша «Халыққа көмек» штабының бастамасымен Ақтау қалалық әкімдігі қызметкерлері және қалалық мәслихат депутаттары шаһарда қызмет атқаратын заңды тіркелген 6 такси («Сұңқар», «ВИТ», «Нұрлы жол», «Удача», «Стар», «Круиз») қызметінің басшыларымен кездесті.
«Кездесу барысында әлемді жайлаған індеттің салдарынан өңірде енгізілген карантинге байланысты автобустардың тоқтағаны, осыған байланысты тұрғындардың такси ақысы қымбаттағанына жиі шағымданатыны айтылып, түсіндірме жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 6 такси қызметінің басшыларымен меморандумға қол қойылып, жолақы құнын қала бойынша 350-450 теңге аралығында ұстауға келісім жасалды» деп мәлімдеді Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.