Ақтауда тауар өндірушілердің көрмесі өтті

АҚТАУ. 2 шілде. ҚазАқпарат. -   Өңір индустриясының дамуына үлесін қосып жүрген  азық-түлік және жеңіл  өнеркәсіп саласындағы тауарларды өндіріп,  ауыл шаруашылық өнімін және құрылыс материалын шығаратын шағын және орта бизнестің 26 өкілі көрмеде өз өнімдерін көрсетті.
None
None

Олардың арасында Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан кәсіпорындар бар.

Облыстағы шағын және орта бизнес өкілдері қатысқан көрмеге облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджанов арнайы келіп,  тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.

«Мемлекеттік және аймақтық бағдарламалардың мүмкіндігі жоғары. Бізге қазір мұнай өндіру саласына қатысты болашағы зор жобаларға қолдау қажет. Осы тұрғыда бүгінгі көрменің маңызы зор. Тауар өндірушілер бір-бірінің өнімін көріп, тауардың сапасын арттыруға, кәсібін кеңейту бағытында жұмыстанады», - дейді облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Лиза Олжабаева.

Көрмеге ет өнімдерінің 100-ден аса түрін дайындайтын  «Мясная лавка» ЖШС, тұз өндірумен айналысатын «Оймаша» ЖШС, ішкі нарыққа ұзындығы 12-18 метрлік жабын плиталар, метал-пластикалық есік-терезелер мен тауарлық бетон шығаратын «Еврострой-А» мекемесі, UHT өндірісі бойынша сүт өнімдерін дайындайтын «Гурман» ЖШС-іне қарасты сүт зауыты өз өнімдерін көпшілікке кеңінен таныстырып, алдағы жоспарда тұрған жобалары жайында да ой бөлісті.

Мәселен «Гурман» ЖШС алдағы уақытта қышқыл сүт өнімдерін дайындауды қолға алып отыр. Жобаның құны - 178,665 млн. теңге тұрады. Оның 148,665 млн. теңгесі кәсіпорынның өз қаражаты болса, 30 млн. теңгені несие арқылы алған. Сүт зауыты осы жылдың желтоқсан айында іске қосылуы тиіс. Кәсіпорын жылына 8,986 млн. литр UHT өндірісі бойынша сүт, 1, 019 млн. келі балмұздақ, 3, 120 млн. келі қышқыл сүт өнімдерін шығара алады.

Зауыт бүгінде сүттің ондаған түрі мен қышқыл сүт өнімдерінің 30-дан астам түрін нарыққа шығармақ. Облыста 2010 жылы 7 992 тонна, ал өткен жылы 4 071 тонна сүт өнімі өндірілген екен. Сондықтан бұл зауыт іске қосылса, сырттан әкелінетін сүт өнімдерінің көлемі біршама азаймақ.

Сондай-ақ аймақ үшін маңызды жобаны қолға алған  «Аски-Маңғыстау» мекемесі құны - 4596,98 млн. теңге тұратын мұнай және мұнай өнімдерін сақтайтын және тасымалдайтын терминал құрылысымен таныстырды. 2012 жылдың 2-ші тоқсанында пайдалануға берілетін жаңа нысан 120 адамды еңбекпен қамтамасыз етпек.

«Біз бензин, дизельді отын, мазут сынды мұнай өнімдері тасымалдайтын боламыз. Бүгінде жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Сұйық сақтайтын қоймалар қондырылып, гидросынақтан өткізілді. Теміржол эстакадалары, барлық жерасты қатынас жолдары салынды. Қазір әкімшілік-тұрмыстық корпустың құрылысы салынуда. Республикалық «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына ендік», - дейді «Аски Маңғыстау» ЖШС директоры Амангелді Салжанов.

Соңғы жаңалықтар