22:00, 12 Қаңтар 2023 | GMT +5
Ақтауда техникалық қызмет станциясындағы өрттен 1 адам қаза болып, үшеуі жарақаттанды
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында техникалық қызмет көрсету орталығында болған өрттен 1 адам қаза болып, тағы 3 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

«12 қаңтар күні Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне сағат 18.20-да Ақтау қаласындағы техникалық қызмет көрсету орталықтарының бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
Өрт кезінде 6 тұрмыстық газ баллоны жарылды.
Бұл ретте, өрт сөндірушілер өмірін қатерге тіге отырып, тағы 17 газ баллонын алып шықты.
Жалын сағат 18.48-де ауыздықталды. От шарпыған аумақ – 50 шаршы метр.
Оқиға салдарынан техникалық қызмет көрсету орталығының бір жұмысшысы (әйел) қаза болды. Үш ер адам күйік жарақаттарымен Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.
Өрт себебі анықталып жатыр», - деді Р.Иманқұлов.
Фото: ҚР ТЖМ