Ақтауда тұрғыннан ақша бопсалаған күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында тұрғыннан ақша бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды.

Ақтауда тұрғыннан ақша бопсалаған күдікті ұсталды
Фото: Polisia.kz

Маңғыстау облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ЖҚАЖ жауынгерлері және ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, ақша бопсалау дерегінің жолын кесті.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті Ақтау тұрғынынан күш қолданып, қорқыту арқылы оның беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратпау үшін ақша талап еткен.

— 1 қазанда жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті талап етілген ақшаның бір бөлігін алғаннан кейін ұсталды. Жеке тінту кезінде одан арнайы белгі қойылған ақша табылып, тәркіленді, — делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада кәсіпкерлер мен тұрғындардан ақша бопсалаған топ ұсталғанын хабарлаған едік.