Ақтауда TurkicSkills 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бүгін Ақтау қаласында Қазақстанның бастамасымен тұңғыш TurkicSkills халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда TurkicSkills 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Чемпионатқа Түркі мемлекеттерінен келген техникалық және кәсіптік ұйымдарының студенттері, сарапшылар сала өкілдері қатысуда.

Іс-шараның басты мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде үздік тәжірибені тарату, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жастардың кәсіби әлеуетін арттыру.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова қатысты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы — деп жариялауы — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңінің басталуы болды. TurkicSkills чемпионаты — осы жылдың басты оқиғаларының бірі. Бұл алаң жастардың кәсіби шеберлігін көрсетіп қана қоймай, түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты, тәжірибе алмасуды тереңдетеді, — деді Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова.

Чемпионатқа 70-тен астам студенттер мен жас маман және 90 сарапшы қатысуда. Олар инженерия, ақпараттық технологиялар, өндіріс, робототехника және қызмет көрсету салалары бойынша бақ сынайды.

TurkicSkills чемпионаты 9 қазанға дейін жалғасады. 

Айта кетелік бүгін елімізде дүниедегі ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдері – мұғалімдер күні. Бұл күн елімізде біраз уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтіп келді. Ал 2023 жылы Үкімет қаулысымен 5 қазанға бекітілген еді.

Соңғы жаңалықтар