21:18, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтауда VII қалалық фольклорлық «Інжу маржан» балалар шығармашылығы байқауы өтті
АҚТАУ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтауда VII қалалық фольклорлық «Інжу маржан» балалар шығармашылығы байқауы өтті. Қала мектептерінен байқауға қатысқан 150 баланың ішінен 1-ші, 2-ші, 3-ші орындар бойынша 45 өнерпаз жүлделі орындарға ие болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Байқауда 10 мен 13 және 14-17 жас аралығындағы балалар 7 аталым бойынша өнер көрсетті. Атап айтқанда, би, күй, жыр-терме, сурет, қол өнері, мәнерлеп оқу және вокал жанры аталымдары болды. «Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл байқаудың мақсаты, атауы айтып тұрғандай, ұлттық нақыштағы өнерімізді насихаттау, және осы жанрларда талантымен таңғалдырған дарынды жастарды, нағыз інжу-маржандарды табу. Осындай шаралар арқылы оларға дем беріп, бойдағы өнерінің одан әрі жандана түсуіне септік ету», - дейді байқауды ұйымдастырушылардың бірі, Абай атындағы мәдени-демалыс кешені директорының орынбасары Ақкенже Малаева. Байқау қорытындысында жеңімпаз жастардың гала концерті ұйымдастырылып, оларға ақшалай сыйлықтар тапсырылды.