Ақтауда заңсыз ойын бизнесі ұйымдастырылып, 63 млн теңгеден астам ақша айналымға түскен
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырған топтың қызметі тоқтатылды. Арнайы жабдықталған үй-жайда ойын терминалдары арқылы 63 млн теңгеден астам сомаға бәс тігілген.
Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін анықтады.
Тергеу мәліметінше, 2026 жылғы сәуір мен қазан аралығында бір топ адам арнайы жабдықталған үй-жайда ойын терминалдарын пайдаланып, ақшалай бәс қабылдаған және құмар ойындарын ұйымдастырған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз ойын қызметінің деректері анықталып, тергеу кезінде ойын жабдықтары тәркіленді.
Мамандардың қорытындысы бойынша, қабылданған ақшалай бәс көлемі 63 млн теңгеден асқан.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында TikTok арқылы заңсыз ойын ұйымдастырғандар 4 жылға сотталғанын жазған едік.