Ақтауда заңсыз салынып жатқан қонақүй бұзылды
Ақтауда № 9 өндірістік аймақтағы № 39/7 учаскесінде орналасқан заңсыз салынып жатқан қонақүй бұзылды. Нысан құрылыстың негізгі талаптарын сақтамай және жобалау-сметалық құжаттамасынсыз салынған, деп хабарлайды Kazinform.

Нысанның заңсыз салынып жатқаны Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жоспардан тыс тексеру барысында анықталған. Құрылыс салушыға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1-бөлігіне, 321-бабының 1-бөлігіне және 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар оған құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берілген.
Алайда кәсіпкер бұл ескертулерді елемеген. Сондықтан Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес өз бетінше салынған заңсыз құрылыс объектісін мәжбүрлеп бұзу туралы талап-арыз беріп, ол сот шешімімен қанағаттандырылған.
- Заңсыз құрылыстарға қарсы күрес мақсатында сот істері жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде Ақтауда 29 құрылыс заңсыз деп танылып, сот оның 28-ін бұзу туралы шешім шығарды. Алғашқысы 30 қазанда бұзылды. Ал бұл қонақүй құрылысы бекітілген жұмыс жобасы жоқ, сараптаманың оң қорытындысы алынбай тұрғызылған. Сонымен қатар, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау жүргізілмеген, - деді Ақтау қаласы құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Нұрбол Жоланбеков.

