00:46, 26 Тамыз 2014 | GMT +5
Ақтауда жанармай бекетіндегі атыста бір адам оққа ұшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда жанармай бекетінде атыс болып, бір адам оққа ұшты. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Әлия Шермағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды 24.kz.

Қазір осы оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Оқыс оқиға 25 тамызда түнде болған. Полицейлердің мәлімдеуінше, «Нұрас» жанармай бекетінде кезекте тұрған қос жүргізуші сөзге келіп қалған. Ерегестің ақыры төбелеске ұласып, 29 жастағы қала тұрғыны өзінен бір жас үлкен жігітті көлігінде жатқан қарумен атып салады. Жарақат алған 1984 жылғы азамат облыстық ауруханаға түскен. Травматикалық қарудан атылған оқ науқастың жауырынына тиген. Қазір күдікті қамауда отыр. «Қабылдау бөлімінде хирургтер мен травматологтер жараны хирургиялық өңдеп, өкпесін рентгенге түсірді. Науқастың жағдайы ауыр болмағандықтан, жарасын тігіп, үйіне жіберді», - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Берік Қауынов.