Ақтауда жаңажылдық шырша құлап қалды
Ақтауда қатты соққан желдің салдарынан амфитеатр алаңына орнатылған жаңажылдық шырша құлап қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі мереке орай орнатылған шыршаның қатты желге шыдамағанын жеткізді.
«Ақтауда желдің екпіні секундына 15-25 метрге жетіп, салдарынан қаланың бас шыршасы құлап қалды. Мамандар жел басылған соң шыршаны қайта орнатады», — деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі шыршаны орнату кезінде техникалық арнайы бетон блоктар, трос сым қолданылғанын алға тартты.
Жел басылған соң құлаған контрукцияны орнату жұмысы жүргізіледі.
— 28 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты 15 шағын аудан амфитеатр алаңында орнатылған шыршаның құлау дерегі тіркелді. Амфитеатр алаңының айналасында құрылыс нысандары, ғимараттар болмағандықтан ашық алаңқайда желдің екпіні қатты сезіледі. Шырша орнату барысында техникалық талаптардың барлығы сақталған болатын. Тросс сымдары мен темір бетондар тұрғанына қарамастан осындай жағдай орын алды. Мердігер мекеме тарапынан шыршаны қайта орнату жұмыстары ауа-райы тұрақталғаннан кейін жүргізіледі. Келтірілген қолайсыздықтар үшін әкімдік тарапынан кешірім сұраймыз, — деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.