Ақтауда «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы мектептердің құрылысы күні-түні жүргізіліп жатыр 

АҚТАУ. KAZINFORM — Қазір Ақтауда 17-шағын ауданда 900 орындық, 33 пен 19-шағын аудандарда 1200 орындық, «Рауан» тұрғын үй массивінде 300 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев 17 және 19-шағын аудан тұрғындарымен кездесіп, мектеп құрылыстарын жеделдету үшін, жұмысшылардың тәулік бойы еңбек етіп жатқанын жеткізді.

Мектеп
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы


— Президент тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 600 орындық 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның ішіндегі 4 мектептің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтауымыз керек. Қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында 17, 19, 33 шағын аудан және «Рауан» тұрғын үй массивіндегі мектеп құрылысын жеделдетуіміз қажет. Сондықтан аталған шағын аудандардағы мектеп құрылысы тәулік бойы жүргізілуде. Басқа тұрғындар тарапынан түн тыныштығының бұзылуына байланысты арыздар келіп түсуде. Бұл құрылыс жұмыстарына кедергі келтіреді. Сондықтан тұрғындардан келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, мектеп құрылысының жеделдетілуін қолдауды сұраймын, — деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев.

Мектеп
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Тұрғындар мектеп құрылысының тезірек аяқталғанын қолдайтындарын айтты.

— Бізге мектеп құрылысының тезірек аяқталғаны керек. Себебі балаларымыз үйдің қасындағы мектепте оқығанын қалаймыз. Құрылыс жұмыстары күні-түні жұмыс істесе бізге жақсы. Біз мұны қолдаймыз, — деді 17 және 19-шағын аудан тұрғындары.