Ақтауда жаз басталғалы жағымсыз иіс күшейді

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласында жағымсыз күкіртсутек иісі қайта сезіле бастады. Мамандар иіс КОС-2 және Қошқар ата қалдық қоймасынан келіп жатқанын айтты. 

Ақтау
Фото: Kazinform

Маңғыстау облыстық экология департаментіне күн ысығалы қала тұрғындарынан жағымсыз иіске қатысты шағым көбейген. Сондықтан департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары 12 маусымнан 13 маусымға қараған түні Ақтау — Ақшұқыр автожолы бойында атмосфералық ауа құрамына өлшеу жұмыстарын жүргізген. Аталған аумақ Қошқар ата қалдық қоймасына жақын орналасқан.

Экологтардың алдын ала болжамы бойынша жағымсыз иістің негізгі көздері — КОС-2 нысаны (кәріз-тазарту құрылыстары кешені) мен Қошқар ата қалдық қоймасының сұйықтық жиналған аумағынан болуы мүмкін. Нақты қорытынды зертханалық талдау нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.

Айта кетейік, бұл мәселе былтыр да көтерілді. Сол кезде зерттеу жүргізіліп, мамандар жағымсыз иістің Қошқар ата қалдық қоймасындағы сұйық фазадан екенін айтқан болатын. Себебі, оған КОС-2-ден жеткілікті деңгейде тазартылмаған кәріз сулары жіберіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, жоғары температура кезінде қалдық қоймадағы сұйықтықтан бөлінетін булар тұрақты жағымсыз иістің таралуына әсер етеді. Солтүстік бағыттағы жел оны қала аумағына жеткізеді. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда Қошқар ата қоймасына таза су жіберіліп жатыр.

- КОС-2 нысанында құрылыс жұмыстары аяқталды. Жыл басынан бері Қошқар ата радиациялық қалдықтар қоймасына тазартылған су жіберілуде, — делінген хабарламада. 

Бұған дейін, Атырау тұрғындары жағымсыз иістен мезі болғандарын айтып, шағымданған болатын.