Ақтауда жекеменшік мектепке қатысты шу шықты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласындағы «Ғасыр» лицейінің ата-аналары оқу ақысын кері қайтаруды талап етті.

мектеп
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Айтуларынша, балаларға дұрыс білім берілмеген. Білікті ұстаздар жұмыстан шығып кетіп, оқушылар мұғалімсіз қалған. Ал, ата-аналар бір бала үшін мектепке 1,5 миллион теңгеден қаржы төленген.

— Барлығына 1,5 миллион төлеңдер деді. Біз бөліп төлеуді сұрағанбыз, келіспеді. Бір жылға түгел төлейсіңдер, келісімшартқа солай отырамыз деді. Содан төледік. Қараша, желтоқсан айларында сыныбы тарап кетті. Кураторымыз да кетіп қалды. Қазір енді бұлардың сыныбында 3 адам отыр. Менің ақшамды қайтарып берсін, біз басқа мектепке кетеміз, — дейді ата-аналардың бірі Айнұр Сейдахметова.

Ақтауда жекеменшік мектепке қатысты шу шықты
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Ата-аналар балаларын шетелдік оқу орнына түсіру үшін алғашында «Фоундейшн» орталығында оқытқан. Сол орталық кейін «Ғасыр» лицейін ашып, барлық оқушы сонда ауысқан. Алайда, уақыт өте мұғалімдер шетінен жұмыстан кетіп, оқушылардың сабақ үлгерімі мен тәртібі нашарлап кеткен. 

— Мен баламның білім деңгейін көтересіз бе, білім жақсы беріле ме дегенімде, менің қолымды ұстап тұрып, уәде берді. Желтоқсанға дейін бәрі дұрысталады, екінші тоқсанды ойдағыдай бітеді деді. Ештеңе де біткен жоқ. Енді ешкім телефонға жауап бермейді. Жазылған арызға қол қойылмай жатыр, ақшаны бермеймін деп отыр, — дейді ата-ана Ақмарал Карим.

Аталған мектепте жұмыс істеген мұғалімдердің арасында жалақыларын ала алмай жүргендер де бар болып шықты. Оған қоса, зейнетақы жарнасы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі төленбеген.

— 25 мұғалім шығып кетті. Біздің талабымыз — қыркүйектен бергі зейнетақы жарнасы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін аударуды сұраймыз. Біз қазір ауада жүрміз пенсионный, медстраховка төленбеген. Дәрігерге ақылы қаралып жүрміз. Жұмыстан шықсақ та қаңтардың жалақысы мен есеп айырысу алған жоқпыз, — дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Наз Шафик.

Ақтауда жекеменшік мектепке қатысты шу шықты
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Жеке мектептің құрылтайшысы Якуб Халықбердиевтің айтуынша, ата-аналар мен мұғалімдердің қаражаттары қайтарылады. 

— Ақтау қаласында 4 ай болған жоқпын, бұл 4 айдың ішінде болып жатқан жағдай. Қазіргі таңда айлыққа келсек, барлық айлық төленген. Біз жалақыны маусым айынан бастап төлеп жатырмыз, мемлекетіміз бізге осы қарашадан бастап төлеуде. Оның алдындағы айларға төленген жоқ. Ата-аналармен жиналыс болды, жиналыста барлық есеп берілді. Бұл мәселе бір аптаның ішінде шешіледі. Дүйсенбіден бастап сабақтар толықтай өтеді, — дейді ол. 

Осы жағдай бойынша ата-аналар Ақтау қалалық прокуратураға шағым түсірді. Шағым қаралуда. 
Бұған дейін, Маңғыстауда балабақша директоры 3 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар