Ақтауда жиһаз цехында есірткі еккен тұрғын анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM – «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, Ақтау қаласының өнеркәсіптік аймағынан 52 жастағы ер адам ұсталған.

Тексеру барысында оның күртесінің қалтасынан қойма кілттері табылды. Күдікті сол қоймада есірткі затына жататын өсімдіктерді заңсыз өсірген болып шықты.
— Жиһаз цехының қоймасын тексеру кезінде есірткі қолдануға арналған қолдан жасалған құрылғы, 11 сіріңке қорабына салынған марихуана тұқымдары, электрондық таразылар, отырғызылған өсімдіктері бар 14 гүл құмырасы, 35 түп марихуана, 35 жарық шамы, термометр, тыңайтқыштар, ауа тартқыш пен желдеткіштер тәркіленді, — делінген Маңғыстау облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктердің құрамында есірткі заттары бар екені анықтылған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы («Есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін, ШҚО тұрғынынан 4 келіден астам марихуана тәркіленгені туралы жазған болатынбыз.