Ақтауда жылу желілері қалай жөнделіп жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтаудағы жылу желілерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қарап, қала әкіміне олардың қарқынын күшейтуді тапсырды.

Ақтау
Фото: Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметі

Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір магистралдық желілерде ақау жоқ. Бірақ тұрғын үйлердің маңындағы тарату желілерінде 35 ақау анықталып, оларды жою жұмыстары жалғасып жатыр.  

Ақтау
Фото: Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметі

Бүгінгі күні қаладағы барлық 1500-дей тұрғын үйдің 34-не ғана жылу берілмеген. Қазіргі таңда 21 учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Ақтау
Фото: Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметі

Жөндеу жұмыстарына Жаңаөзен қаласынан 8 бригада, Ақтау қаласы әкімдігінен 27 адам және «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінен 11 бригада тартылған. Барлығы 110 адам мен 49 техника жұмылдырылған. 

Ақтау
Фото: Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметі

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тынымсыз еңбек етіп жатқан коммуналдық мекеме қызметкердеріне алғысын білдіріп, ақауды тездетіп қалпына келтіру керектігін айтты. 

Ақтау жылу
Фото: Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметі

Айта кетейік, биыл Ақтауда 50 жыл бойы жөндеу көрмеген 11,3 шақырым магистралдық жылу жүйесінің құбырлары алғаш рет жаңартылды. Мақсат – тозығы жеткен құбырларды ауыстырып, қала халқын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету.

Қалада жылу беру маусымы 15 қазанда басталды.