Ақтауда жоғары қабаттан секірмек болған қыз бала іздестіріліп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауда көпқабатты үйдің жоғары бөлігінен секірмек болған қыз баланы полицейлер іздестіріп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция депаратментінің мамандары мәлімдеді.
Белгілі болған ақпарат бойынша, әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде қаладағы 32б шағынауданында әйел адамның суицид жасамақ болғаны анықталды.
«20 жастағы қыз бала көпқабатты үйдің терезесінен секірмек болды. Осыдан кейін ол үйден белгісіз бағытқа шығып кеткен. Қазіргі уақытта полиция аталған іс бойынша іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Бұған дейін Ақтауда шағын аудандардың біріндегі көпқабатты үйден құлаған ер адам оқиға орнында жан тапсырған болатын.
Қайғылы оқиғаға қатысты полиция өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі негізінде сотқа дейінгі тергеу жұмысына кіріскенін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, өткен аптада патрульдік полиция қызметкерлері мінген көлік апатқа ұшырап, аударылып қалды.
Жол-көлік оқиғасынан кейін полиция қызметкері облыстық ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді. Кейін бұл оқиғаға кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.