Ақтауда «Жол картасы» жобасы аясында кадрларды оқыту мен қайта даярлау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жұмыссыздар мен жұмыстан босап қалған азаматтарды дәнекерлеуші мамандығы бойынша бос тұрған жұмыс орындарына орналастыру мақсатында 5 адамды 3 ай мерзімде кәсіптік даярлауға Маңғыстау политехникалық колледжімен келісімшартқа отырдық.
Олардың оқу ақысын Маңғыстау облыстық білім беру басқармасы төлейтін болады»,- дейді Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Күнсұлу Айбатырова.
Сондай-ақ осы колледжбен «Ақтау болат құю зауыты» ЖШС-нің тапсырысы бойынша жұмыссыздар мен жұмыстан босаған адамдар есебінен темірден өндірістік бұйымдар жасаушы мамандығын игеруге 10 адамды кәсіптік оқытуға да келісімшарт жасалған. Оқу курсы аяқталғаннан кейін 10 адамның барлығы да «Ақтау болат құю зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналастырылады.
Сонымен қатар, Маңғыстау политехникалық колледжінде темір бұйымдарды құрастырушы, құм атушы қондырғының операторы, сылақшы мамандықтарының әрқайсысына 10 адамнан оқыту мен №1 кәсіптік лицейде бақылау-өлшеу құралдары және автоматика слесарі, аспаз-кондитер мамандықтарының әрқайсысына 10 адамнан даярлау үшін шағын топтар жасақталу үстінде.