Ақтауда жүйкеге әсер ететін заттарды жарнамалаған 5 адам сотталды
АҚТАУ.KAZINFORM - Ақтау қалалық сотының үкімімен бес адам, оның ішінде екі әйел, ҚР ҚК-нің 299-1-бабының 2-бөлігі бойынша психотроптық заттарды заңсыз жарнамалағаны үшін кінәлі деп танылды.

Маңғыстау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталғандар Ақтау қаласындағы ғимараттар мен тұрғын үйлеріне парақшалар жапсырып, сондай-ақ алдын ала дайындалған трафареттер арқылы аэрозоль бояуымен дайын мәтіндерді қалдырған.
Олар таратқан мәтіндерде психотроптық заттар сататын Telegram мессенджеріндегі мекенжайларға сілтемелер көрсетілген.
Таратушыларды қылмыс үстінде полиция қызметкерлері кезекті жарнамалық материалдармен ұстаған.
Жеке тінту кезінде екі адамнан мефедрон психотроптық заты тәркіленді, олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бесеуі де әрқайсысы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.
- Маңғыстау облысының прокуратурасы облыс тұрғындарын ақша табудың кез келген күмәнді әдістерінен, атап айтқанда, заңсыз әрекеттерді насихаттаудан бас тартуға, сондай-ақ өздеріне белгілі барлық дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Маңғыстау облысында 80-нен астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болғаны туралы жаздық.