Ақтаудағы 9 әскери қызметшінің қазасы: Вице-президент көңіл айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-президент Ерлан Қарин Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Президент Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Қайғыға ортақтасып, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамын, оларға сабыр мен төзім тілеймін, — деп жазды Ерлан Қарин Instagram-дағы парақшасында.

Сонымен қатар ҚР Құрылтайының төрағасы Айбек Дәдебай да қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, із-түзсіз кеткен әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасатынын мәлім етті.

— Өзімнің және Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары атынан Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қайғыра көңіл айтамын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Із-түзсіз кеткен әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасады. Олардың аман-есен табылып, отбасыларына оралуын тілейміз. Зардап шеккен әскери қызметшілердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін, — деді Құрылтай төрағасы.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Кейінірек әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтін болды.