Ақтаудағы арнайы орталықта бала жарақат алып, тергеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтаудағы № 3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында психоневрологиялық диагнозы бар балалар арасында оқыс жағдай орын алды. Оқиғаға байланысты қызметтік және сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

п
Фото: Дарья Аверченко / Kazinform

Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Баланың анасының айтуынша, ұлы аталған орталыққа шамамен бір ай бойы барған. Кешке ата-анасы баласын үйіне алып кеткен кезде оның арқасынан дене жарақаттарын байқаған.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, оқиға 27 мамыр күні болған. Сол күні кезекші қызметкер өз міндетін тиісінше орындамағандықтан, балалар біраз уақыт қараусыз қалған.

Сондай-ақ орталық басшылығы мен тәрбиеленушілердің ата-аналарына болған жағдай туралы дер кезінде хабар берілмеген.

Қазір арнайы комиссия құрылып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша кінәлі қызметкерлер мен мекеме басшылығының жауапкершілігі қаралады.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған факт тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

— Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, мекеме қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, — деп мәлімдеді полиция.

Осыдан бұрын Маңғыстауда ерекше балалар емге кезегін жылдап күтіп жүргенін жазған болатынбыз.