Ақтаудағы әуе апатынан мерт болған қазақстандықтар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан елордасы Бакуден Ресейдің Грозный қаласына бағыт алған әуе кемесі Қазақстан аумағында апатқа ұшырады. Өкінішке қарай, ұшақта болған алты отандасымыз мерт болды.

Ақтау
Фото: ҚР ТЖМ

— Қаза тапқан 6 Қазақстан азаматының төртеуі Маңғыстау облысының тұрғыны. Одан бөлек, бір азамат Қостанай облысынан және біреуі Астана қаласының тұрғыны, — деді Қанат Бозымбаев оқиға аймағында болған баспасөз мәслихатында.

Осы орайда вице-премьер зардап шеккен отбасыларға тиісті көмектің көрсетілетінін айтты. 

— Зардап шеккен отбасыларға, оның ішінде мәйіттерді жеткізуге, жерлеуге барлық көмек көрсетіледі. Одан бөлек, заң аясында барлық төлем мен әкімдік аясындағы басқа да көмек толық көлемде дереу ұсынылады. Таңертең аталған жұмыстың барлығы орындалады, бұл менің жеке бақылауымда, — дейді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұған дейін Қанат Бозымбаев ұшақтың қирандысы арқылы апаттың себеп-салдары анықталатынын айтқан еді. 

Айта кетейік, аталған әуе апатынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Ол бойынша қайда хабарласу керектігін сілтемеге өтіп біле аласыз. 

Өкінішке қарай, еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев ұшақ бортында болған барлық қазақстандық мерт болғанын хабарлады. 

Өз кезегінде, әзербайжан тілшісі қазақ халқының қиын сәттегі көмегіне алғысын айтты. 

Соңғы жаңалықтар